«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының жалпы аумағы 277 961 га құрайды, ол Шарбақты және Аққулы аудандарының аумағында орналасқан. Резерваттың орманмен жамылған аумағы 163 296 га құрайды.
Мемлекет басшысының 2 млрд дана ағаш отырғызу тапсырмасының орындалуы мақсатында, сонымен қатар ормандарды молықтыру мен орман өсірудің кешенді Жоспарына сәйкес, биылғы жылы көктем және күзгі уақытта 2828 гектар алаңда 14 568,0 мың дана орман көшеттерін отырғызу жоспарланған.
«Ертіс орманы» резерватын көшеттермен толықтай қамтамасыз ететін жалпы ауданы 57 га құрайтын екі тұрақты орман тұқымбағы бар.
Биылғы жылы, Шалдай және Бесқарағай филиалдарының екі тұрақты орман тұқымбағында 31752,0 мың дана кәдімгі қарағай көшеттері өсірілді.
Көктемгі ағаш отырғызу жұмыстары механикаландырылған тәсілмен МТЗ тракторлары базасында СЛН-1, МЛУ маркалы ағаш отырғызу машиналарымен жүзеге асырылуда. Барлығы 400-ге жуық адам және 81 дана техника жұмылдырылды.
Резерваттың барлық орманшылықтары орман екпелерін отырғызуға арналған техникамен және құрал - жабдықтармен толықтай қамтылған.