Қазақстанның барлық ұлттық парктері мен қорықтарынан 50 өкіл бас қосты.
Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының 50 қызметкері, атап айтқанда 14 ұлттық парк, 10 қорық және 7 резерват өкілдері, 2 мемлекеттік ботаникалық бақ, «Охотзоопром» және «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорындары, сондай-ақ Топырақтану және агрохимия институты мен Зоология институтының мамандары тиімді коммуникациялар бойынша тренингке қатысты.
Тренинг 14–16 қаңтар аралығында «GREEN SCIENCE KZ» жобасы аясында ұйымдастырылды. Бұл жоба «Шеврон» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып, Қазақстанның ұлттық парктері мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының (ЕҚТА) әлеуетін нығайтуға, сондай-ақ биоәртүрлілік пен климаттық төзімділікті арттыратын ғылыми негізделген, тұрақты орманды қалпына келтіру тәжірибелерін енгізуге бағытталған.
Жоба 2026 жылғы қаңтардан қазан айына дейін Ботаника және фитоинтродукция институты мен «Шеврон» компаниясының бірлесуімен жүзеге асырылады. Жоба аясында Атырау және Орал қалаларында, сондай-ақ Ұлытау облысында білім беру және ағартушылық іс-шаралар өткізу, ал қорытынды іс-шараны Астана қаласында ұйымдастыру жоспарланған.





