Табиғатты аялау мен ормандарды сақтау – тек ер адамдардың ғана емес, әйелдердің де маңдай терін төгетін маңызды іс. Орман шаруашылығында өз ісіне шын берілген, табиғатты жан-тәнімен сүйетін әйелдер аз емес. Солардың қатарында – Елена мен Татьяна Косаревалар.
Ана мен қыз жыл бойы орман өсірумен айналысып, табиғатқа деген сүйіспеншілігін еңбектері арқылы көрсетіп келеді.
Қыста Елена мен Татьяна қарағай бүрлерін өңдеумен айналысады, олардан қылқан жапырақты ағаштардың тұқымын алады. Бұл – орманды қалпына келтірудің алғашқы қадамы. Іріктелген сапалы тұқымдар көктемде орман тәлімбағына себіледі.
Көктем келгенде бұл еңбекқор жұп тәлімбақтағы жұмысқа кіріседі. Олар жас көшеттерге қамқорлық жасап, табиғатқа отырғызуға дайындайды. Шіліңгір ыстық та, нөсерлі жаңбыр да олардың жұмысына деген жауапкершілігіне кедергі бола алмайды.
"Орман өсіру – үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін жұмыс. Әрбір егілген дәннің алып ағашқа айналғанын көру – біз үшін ең үлкен қуаныш", – дейді Татьяна.
Елена мен Татьяна – орман шаруашылығында аянбай еңбек етіп жүрген көптеген әйелдердің жарқын үлгісі. Өздерінің адал еңбегімен олар тек табиғатты қорғап қана қоймай, өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға да үлес қосуда.