«Қобыз ілген» жері Шалдай мен Мерғалым (бұрынғы Қорт) ауылдарының ортасында, қарағай ішінде.
«Қасиетті Мерғалым ата» нысанының салтанатты ашылу рәсіміне орай Мерғалым ауылына Екібастұз қаласынан атаның балдызы Құралай Саханқызы да келіп еді.
Құралай апа «Қобыз ілген» деп аталған жердің шығу тарихы және сол оқиғаның бас кейіпкері, қара қобыздың иесі, бақсы Ожан атаның ұрпағы.
Ожан атаның жатқан жері Аққулы ауданы «Подпускі» ауылы.
«Бұрынғы кезде бақсыларды сынағанда, кәдімгідей халық қобыздарын шынжырлап сынайды екен. Қобызды шынжырлап байлап, сол шынжырды қобыз өзі шешу керек екен. Сондай күн, менің атамның басына да туыпты...
Күндердің бір күнінде, атам осы Қорт ауылына, бір жаз кезі екен, сабан тойға келеді. Ат жарыс болып жатады. Сонда байдың балалары менің атама күліп, «Әй, Ожан, астыңда атың жоқ, ана бәйгеге қобызыңды салуға келдің бе» деп айтқан кезде, атам «Несі бар, қобызды бәйгеге салсам салам, қобызды қарағайдың басына байлаңдар» деп қобызды қарағайдың басына шынжырлап байлаған екен.
Биік қарағайға қобызды шынжырлап байлаған кезде, желдің ырғағымен қобыздан үні шыға бастайды. Сол қобыздың үні шыққан кезде, қарағайды шайқап-шайқап тамырымен жұлып алған екен. Жұлып алып, бәйгеге шапқан екен. Бәйгеге шауып, жаңағы бәйге басына бірінші жеткен екен. Сол жерде бақсыға күлген халық, Ожан атамның қасиетін мойындаған екен. Бәйгеден бірінші келген қобыздың шынжырын шешіп, атам қобызын қолына алған екен. Сөйтіп бәйгені атам солай алып кеткен екен» деп Құралай апа «Қобыз ілген» жерінің тарихын тарқатып айтып берді.
Алдағы уақытта «Қобыз ілген» туристік маршруты ашылып, Қарағай елінің сакралды жерлері картасына қосылып, «Бесқарағайдың алтын шеңбері» зиярат ету турының шеңберіне кіреді деген үміттеміз.