Орман шаруашылығы — көпшілік ер адамдардың кәсібі деп ойлағанымен, бұл салада өз ісіне берілген, табанды нәзік жандылар да бар. Солардың бірі — Жексенова Инна, «Ертіс орманы» МОТР РММ-нің орман тұқымбағында 5 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүрген білікті маман.
Жыл он екі ай бойы табиғатпен үндестік тапқан Инна жазда — көшет баптаумен, қыста — қарағай бүрінен тұқым алумен айналысады. Бұл — жоғары дәлдікті, ұқыптылықты және жауапкершілікті талап ететін жұмыс.
Инна Жексенова:
«Біздің жұмысымыз жеңіл емес. Қысқы маусымда бүрлерді қондырғы арқылы ашып, тұқым аламыз. Пеш үнемі жанып тұратындықтан, бөлме іші ыстық. Бүрді күйдіріп алмау керек — әйтпесе тұқым жарамсыз болып қалады. Ал жазда күннің ыстығына қарамай, көшеттерді күтіп-баптау, отырғызуға дайындау – үлкен еңбек».
Инна секілді орманшы әйелдер — сұлулық пен сабырлылықты, біліктілік пен қажырлы еңбекті ұштастыра білген мамандар. Олар орман шаруашылығы саласының дамуына сүбелі үлес қосып келеді.
Мұндай нәзік жандылардың еңбегі — ерекше құрметке лайық!