2025 жылғы қыркүйек айында «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Басқұдық орманшылығының мемлекеттік инспекторлары мен аңшылықтанушысы биотехниялық іс-шаралар аясында кезекті рейд жүргізді.
Рейд барысында орман алқабы араланып, жабайы жануарларды қоректендіру орындарында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жануарлардың жүріп өтетін негізгі соқпақ жолдары мен іздері тексеріліп, олардың белсенділігі мен мекендеу аумағы бағаланды.
Биотехниялық іс-шаралардың басты мақсаты — жануарлар дүниесін қорғау, қолайлы жағдай жасау, азықтық базаны қолдау және табиғи тепе-теңдікті сақтау. Қыс мезгіліне дейін жүргізілетін бұл жұмыстар жануарлардың тіршілік ету ортасына оң әсер етеді.
Мұндай жүйелі жұмыстар резерват аумағында экожүйенің тұрақты дамуына, жабайы жануарлар популяциясының сақталуына және қорықтық тәртіптің сақталуына ықпал етеді.