Соңғы жаңалықтар

25 Қазан 2026
Еліміз өркендеп, әр шаңырақта бейбітшілік пен береке-бірлік орнасын, ал жүректеріміз туған жерге деген мақтаныш сезіміне толсын! Баршаңызға зор денсаулық, бақыт пен жарқын болашаққа деген сенім тілейміз. Бірлік пен ынтымақ еліміздің жарқын келешегін бірге құруға әрдайым жол ашсын! 💙☀️ #РеспубликаКүні #25Қазан #Қазақстан
18 Қазан 2026
• Мусатаев Ризабек Каратаевич; • Акказенов Гадылбек Тлеубекович; • Нурумов Муратбек Зейнулович; • Джаков Тагат Курмашевич; • Кайдагулов Кайрат Санаткалиевич; • Телегенев Олжас Жумабаевич; • Базарбаев Ержан Бакытжанович марапатталды.
18 Қазан 2026
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Амановтар әулеті солтүстіктің иен байлығы — қарағай ормандарын қызғыштай қорғап, орман қорын көбейтумен талмай шұғылданып келе жатыр. Әулет өкілдерінің жалпы еңбек өтілі бүгінде 235 жылдан асып отыр. Фото: Kazinform/ЖИ Ата кәсіпке адалдық Саналы ғұмырын табиғи байлығымызды қорғауға арнап, экологиямыздың оңалуына үлес қосып жүрген қарапайым орман қызметкерлерінің еңбегі қай жағынан болсын мақтауға лайық. Осы бір абыройлы мамандықты тізгіндеген ағайынды Қайролла және Қайполла Амановтардан тараған ұрпақтары Ертісті бойлаған қара орманға қамқор болып келеді. Олардың ішінде төртеуі ғұмырын осы салаға арнаған. Қайролла Аманов. Фото әулеттің жеке архивінен Қайполла Аманов. Фото әулеттің жеке архивінен — Мынау қалың жалқарағайлардың арасында ата-бабамыз аң-құс қағып, саятшылық құрған. Біз орманды алқапта, сұлу табиғи өлкеде өмірге келген бақытты ұрпақпыз. Ормандар арасында күмістей жарқыраған қаншама көлдер бар. Ежелден елік, қасқыр, сілеусін, түлкі, қарсақ, қоян, бұлан сияқты түз тағылары жайлаған өлке. Бала күнімізден осы өңірді қорғау парызымыз іспетті қанымызға сіңді. Ағамның да табиғатпен, жабайы жануарлармен байланысы әсер етті ме екен, жастайымнан орманшы боламын деп шештім. Сол шешімім дұрыс болғанына әркез шүкіршілік етемін, — дейді Амановтар әулетінің үлкені, бүгінде жасы 77-ге толып отырған Қайполла қария. Ақсақалдың айтуынша, бұл жауапты қызмет орман алқаптарын қорғаумен ғана шектелмейді. Өмірін осы іске арнаған азаматтар қарағайларды емдеумен, браконьерлерден қорғаумен де айналысады. Жасыл желек қорын молайту да олардың жауапкершілігінде. Қайполла аға 45 жылының басым бөлігін Шалдай филиалы Степной орманшылығында өткерген. Осы уақыт аралығында өрттен зардап шеккен аумақтарды қалпына келтірумен айналысып, жүздеген гектар орманның қайта жайқалуына тер төкті. Ісімен көпке үлгі болып, «Мамандығында үздік» облыстық байқауда бірнеше мәрте жеңіске жеткен. Бір кәсіп — бір мұрат Марқұм ағасы Қайролла Арымбекұлы кеңес әскері қатарындағы әскери қызметін өтеген соң орман шаруашылығына ат айдаушы, ағаш кесуші болып жұмысқа орналасады. Шалдай ауылына қоныс аударғаннан кейін ағаш өңдеу цехында жұмысшы болып еңбек етеді. 1982 жылы «11-ші бесжылдықтың екпіндісі» төсбелгісімен, 1984 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Ал 1956 жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне делегат ретінде қатысып қайтқан. Оның жұбайы Майра Ахметқызы ағаш өңдеу цехында 21 жыл жұмысшы болып еңбек етті. Отбасында үш бала тәрбиелеп өсірген. Қайролла ағаның ұлдары Қайырхан мен Сәбитханның да еңбек жолдары орман шаруашылығымен байланысты. Қайырхан резерваттағы ағаш өңдеу цехында 9 жыл еңбек етсе, Сәбитхан орман қорғау ісімен 40 жылдан аса шұғылданып, 2019 жылы зейнетке шыққан. Қайырхан Аманов. Фото отбасының жеке архивінен Сәбитхан Аманов. Фото әулеттің жеке архивінен Әкесінің әрі өз әулетінің даңқты жолын лайықты жалғастырып, орман шаруашылығында оның ұлы Марат еңбек еселі етіп келеді. Марат Сәбитханұлы бүгінде резерваттағы Шалдай филиалы директорының орынбасары. Саладағы жалпы еңбек өтілі жиырма жылдан асып отыр. Ал анасы Сәуле Қабиденқызы да осы салаға араласып, 20 жылын арнаған. Бұдан бөлек Марат Сәбитханұлының зайыбы Гүлмира Александрқызы орман шаруашылығында 15 жылдай қызмет етсе, інісі Самат резерватта екі жылдай бухгалтер болып еңбектенген. Марат Аманов. Фото әулеттің жеке архивінен Самат Аманов. Фото әулеттің жеке архивінен Қайполла ағадан тараған ұрпақтары да орман ісінен алыстай алмапты. Үлкен ұлы Амангелді ұшқыш-бақылаушы ретінде орман шаруашылығындағы 23 жылдан бері тер төгіп жүр. Амангелді Аманов. Фото әулеттің жеке архивінен Сәбит Қайполлаұлы орман өрт сөндіру стансасында жүргізуші, кейін станса басшысы қызметтерін атқарған. Саладағы еңбек өтілі — 6 жыл. Зайыбы Зайгүл де орман қызметкері. — Бүгінде әулетіміздің орман саласындағы жалпы еңбек өтілі 235 жылдан асып отыр. Өзім бұл саланы мектеп бітірген жылы таңдаған едім. 2006 жылы Қазақ аграрлық университетін «Орман және парк шаруашылығы инженері» мамандығы бойынша тәмамдағалы резерваттамын. Орман шебері, орманшы, табиғат пайдалану инженері, орман қорғау инженері, Шалдай филиалы басшысының орынбасары, филиал басшысы, аңшылықтанушы қызметтерін атқардым. Қазіргі уақытта Шалдай филиалы директорының орынбасары қызметіне қайта шақыртылдым, — дейді Марат Сәбитханұлы. Әр көшеттің соңында маңдай тер бар Оның айтуынша, орманшылардың жұмысы оңай емес. Күз бен қыста қарағай бүршігін жинаудан бөлек, көктемгі егіс жұмыстары үшін ылғал жинайды. Әуелі өрт шалған учаскелер тазартылып, жаңа егіске дайындық жүргізіледі. Одан соң қарағай көшеттері отырғызылатын танаптарға қарды үймелеп жинайды да, үстін қалың шөппен жауып тастайды. Көмілген қар көктемде ұзақ уақыт ерімей жатады. Сәуір айында жас көшеттерді отырғыза бастағанда тамыры қар кесектерімен бірге көміледі. Тамыр айналасындағы топырақта ауа қалмауы мұқият қадағаланады. Бұл әдіс көшеттердің тамырына көпке дейін ылғал беріп тұруға арналған. Әрі қарай жаздың жаңбырына іліксе, өміршеңдігін сақтап қалу мүмкіндігі мол. Жас қарағайлар жайқалып өсе бастағанда орманшылар үшін үлкен қуаныш. — Негізгі миссиямыз — табиғаттың иен байлығын көзіміздің қарашығындай сақтап, көбейту болғандықтан, соңғы жылдары орманның жанып кеткен бөліктерін қайта қалпына келтіру, тың жерлерге көшеттер егуге көңіл бөліп отырмыз. Қарағай бүршіктерін күн суытқан мезгілден бастап жинай бастаймыз. Жалқарағайлар биік өсетін өсімдік. Ұзындығы 5-6 метрлік ілмек жасап, ұшар басындағы бүршіктерді қағып түсіреміз. Сапалы тұқымдар негізінен әлгіндей бүршіктерден шығады. Бүршіктерді кептіріп, арнайы құралда ұсатып, орташа көлемдегі тұқымдарын ғана іріктеп аламыз. Ұсақтары мен тым үлкендерінен дұрыс көшет өнбейді. Биыл күзде шамамен 450 гектар жерге қарағай көшеттері егіледі, — деп әңгімеледі тәжірибелі орманшы. Өрттен кейінгі орманның жаңа тынысы Негізі Шалдай филиалына 143 мың гектардан астам жер тиесілі болса, соның шамамен 85 мың гектардан астамы жалқарағаймен көмкерілген. Филиал қызметкерлері 2000-шы жылдардан бері жанып кеткен орманды жерлерді толық қалпына келтіріп, мемлекеттің иен байлығын толықтыру үстінде. 2010 жылғы алапат өрттен қара орманға шығын көп келген екен. Өртенген 2 мың гектардан астам жер бүгінде толықтай қалпына келіп, қарағайлар жайқалып тұр. Ал 2023 жылы тілсіз жау ойран салған резерват жерлерін келер жылы көшеттермен қамту көзделіпті. Көлемі аса үлкен болмаса да, филиал қызметкерлері бұл аумақты алдағы 10-15 жылда жайқалған жасыл орманға айналдырмақ ойлары бар. Күзде отырғызылатын көшеттердің көктемде жай-күйі тексеріліп, тым болмағанда 65 пайызы өз өміршеңдігін сақтап қалғаны анықталса, нәтиже бар деп есептеледі. Құрғап қалған көшеттер қолмен жұлынып, орнына жаңадан көшеттер егіледі. Ал жас қарағайлардың өміршеңдік көрсеткіші одан төмен болса, алқаптарға техниканың көмегімен қайтадан толықтай отырғызу іс-шаралары жүргізіледі. — Жанып кеткен алқаптар көбіне жан-жағы қорғалмаған жазық жерлер. Ондай жерде қарағай көшеттерінің өсімталдығы қиынға түседі. Кезінде техниканың аздығынан агротехникалық іс-шараларда ақаулар жиі болды. Тек соңғы жылдары техникаларымыз жаңарып, мүмкіндігіміз молая түскелі ісіміздің нәтижесі айтарлықтай артып отырғанын байқаймыз. Қазір автопаркіміз толықтай қамтылды. Филиалымызда 35 трактор, «Jac» маркалы өрт сөндіргіш шағын 19 автомашина, 35 үлкен өрт сөндіргіш көлік бар. Бұл біздің жұмысымызға серпін сыйлап, соңғы уақытта көшеттерді күзде де отырғызатын болдық, — дейді Марат Сәбитханұлы. Жасанды зерде — орман күзетінде Сөз соңында Марат Сәбитханұлы резерват үшін ең басты қауіп дала өрттері екенін жеткізді. Сәуір айынын басынан қараша айында алғашқы ақ ұлпа түскенге дейін өрт қауіпті кезең саналады. Жылына орта есеппен 60-70 өрт тіркелсе, олардың 99 пайызы найзағай түсуден болады екен. Өртті ерте сатысында анықтауға орман өрттерін ерте анықтау жүйелері көп септеседі. Мұндай жүйе орнатылған 23 мұнара адам аяғы бара бермейтін, елді мекендерден алшақ жерлерге қойылған. Жүйелер жасанды зерде мен бейнебақылау құралдарын қолдана отырып, түтін немесе оттың алғашқы белгілерін автоматты түрде таниды әрі ақпаратты дереу диспетчерлерге жолдап отырады. Бұл әсіресе қалпына келуіне онжылдықтар қажет болатын орман алқаптары үшін өрт сөндірушілердің жұмысын жеделдетіп, шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Фото әулеттің жеке архивінен Орманшылардың сөзінше, қылқан жапырақты қарағайлардың орташа тіршілік етуі — 250-280 жыл. Бұл орман жалдары ежелгі мұхит табанынан өсіп шыққан деген де болжам бар, бірақ ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген. Қарағай — киесі бар ағаш. Құдыреттің күші емей немене, орман ішінде серуендесең, тың әрі таза энергияны сезінесің. Кейбір қарағайлардың жуан болып өсетіні соншалық, үш адам қатар тұрғанда құшақтары жетпейді. Ондай орман батырларының жасы 300 жылдан асып кеткен, биіктігі 25 метрге дейін жетеді. Еске сала кетейік, Ертіс орманында бұлан көбейді. Биыл Ертіс-Баян өңіріндегі ормандарда 3 млн көшет отырғызылады.
18 Қазан 2026
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Орман шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймыз! 🌿 Орманды қорғау мен өсіруге, табиғат байлығын келер ұрпаққа жеткізуге қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіреміз. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және еңбектеріңізге табыс тілейміз! 🌳 Табиғатты аялау жолындағы еңбектеріңіз әрдайым бағалана берсін! Мереке құтты болсын! #ЕртісОрманы #ОрманШаруашылығыҚызметкерлеріКүні
17 Қазан 2026
Табиғат байлығын көздің қарашығындай сақтау, орманның тыныс-тіршілігін бақылау, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасыл желектің келешегіне қамқорлық жасау – орман шаруашылығы қызметкерлерінің басты міндеті. Бұл жауапты жұмысты өмірлік ұстанымына айналдырған жандардың бірі – «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесі Бесқарағай филиалы директорының орынбасары – мемлекеттік инспектор Серік Зейноллаұлы Тілеубердинов. 1964 жылдың 27 наурызында дүниеге келген Серік Зейноллаұлының орман шаруашылығы саласындағы еңбек өтілі 35 жылды құрайды. Ол Сібір технологиялық институтының орман шаруашылығы факультетінде білім алып, кәсіби жолын табиғат байлығын қорғау ісімен ұштастырған. Содан бері орманның тыныс-тіршілігін бақылау, оның тұтастығын сақтау және табиғи ресурстарды қорғау бағытындағы жауапты міндеттерді атқарып келеді. Серік Зейноллаұлының айтуынша, орманшының жұмысы сырт көзге көрінетін бақылау шараларымен ғана шектелмейді. Оның артында күнделікті ізденіс, ұқыптылық, табиғатқа деген сүйіспеншілік және зор жауапкершілік жатыр. – Орман шаруашылығы қызметкерінің басты міндеті – орманды қорғау, ағаштардың жай-күйін бақылау және табиғи байлықты келешек ұрпаққа аман жеткізу. Біз орман аумағын тұрақты тексеріп, заңсыз ағаш кесудің алдын алу шараларын жүргіземіз. Табиғатқа қамқорлық жасау – күнделікті еңбектен, әрбір іске жауапкершілікпен қараудан басталады, – дейді тәжірибелі маман. Орман шаруашылығындағы күрделі бағыттардың бірі – өрттің алдын алу. Әсіресе, жаздың аптап ыстығында табиғатқа төнетін қауіп күшейіп, мамандардың қырағылығы мен шапшаң әрекеті айрықша маңызға ие болады. Орман аумағын тұрақты бақылау, өртке қарсы минералды жолақтар жасау және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу – тілсіз жаудың алдын алуға бағытталған маңызды шаралар. – Өрттің алдын алу оны сөндіруден әлдеқайда маңызды. Сондықтан орман аумағын бақылауда ұстап, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға ерекше көңіл бөлеміз. Табиғат аясында демалған әрбір адам отты қараусыз қалдырмай, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауы керек. Бір сәттік салғырттықтың өзі табиғатқа орны толмас зиян келтіруі мүмкін, – деп атап өтті мемлекеттік инспектор. Кейіпкеріміздің сөзінше, уақыт талабына сай орман шаруашылығында заманауи технологиялардың мүмкіндігі де кеңінен пайдаланылуда. GPS навигаторлары, байланыс құралдары мен арнайы техникалар орман аумағын тиімді бақылауға, қажетті ақпаратты жедел алмасуға және қауіп-қатерді дер кезінде анықтауға көмектеседі. Дегенмен, қандай техника қолданылса да, маманның тәжірибесі, қырағылығы мен кәсіби біліктілігі басты орында қала береді. Орманшының еңбегі мезгіл таңдамайды. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына қарамастан, табиғат тыныштығын күзету – күнделікті міндет. Әсіресе, өрт қаупі жоғары кезеңде әрбір шешім мен әрбір әрекеттің маңызы арта түседі. Мұндай жауапты жұмысты атқару үшін кәсіби біліммен қатар төзімділік, табандылық және өз ісіне деген адалдық қажет. – Орман шаруашылығында еңбек ету үшін табиғатты шын жүректен сүю керек. Бұл салада жауапкершілік пен шыдамдылықтың орны ерекше. Біздің мақсатымыз – орманды аман сақтау, оның табиғи байлығын келешек ұрпаққа жеткізу. Табиғатқа жасалған әрбір қамқорлықтың өз қайтарымы бар. Бүгінгі еңбегіміз ертеңгі ұрпақтың игілігіне айналса, одан асқан қуаныш жоқ, – дейді Серік Зейноллаұлы. Орман – халқымыздың ортақ байлығы, табиғаттың баға жетпес қазынасы. Оны қорғау мен сақтау тек орманшылардың ғана емес, әрбір азаматтың парызы. Жасыл желекті аялап, табиғатқа жанашырлық таныту арқылы біз келешек ұрпаққа көркем де таза орта қалдырамыз.
7 Қазан 2026
Бұған дейін самыркешті «Ертіс орманы» МОТР РММ аумағында сирек кездестіретінбіз. Ал биыл күзде жағдай өзгерді. Самыркештер тек біздің өңірде ғана емес, Қазақстанның көптеген аймақтарында байқала бастады. Олардың жаппай қоныс аударуына не себеп болды? Мүмкін себептердің бірі – биылғы жылғы қалыптан тыс ауа райы. Солтүстік тайгаларда қылқанжапырақты ағаштардың бүрі мен жидектерінің өнімі өте төмен болған болуы мүмкін. Сондықтан қорек іздеген самыркештер оңтүстікке қарай ұзақ қашықтыққа қоныс аударуға мәжбүр болған шығар. Қазіргі жаһандық климаттың өзгеруі жағдайында олардың алдағы тағдыры да қызықты. Көктемде қайтадан солтүстікке ұшып кете ме, әлде кейбір дарақтары біздің өңірде қалып қоя ма – әзірге белгісіз. Мұны алдағы бақылаулар көрсетеді. Егер самыркештер біздің аумақта тұрақты мекендей бастаса, оның табиғи ортаға әсері әртүрлі болуы мүмкін. Бір жағынан, самыркештердің қорегінде әртүрлі жәндіктер мен олардың дернәсілдері бар. Олардың арасында орман зиянкестері де кездеседі. Сонымен қатар самыркештер қылқанжапырақты ағаштардың тұқымдарын жинап, әр жерге жасырады. Жасырылған тұқымдардың бір бөлігін кейін таппай қалады. Осылайша бұл құс орманның табиғи жаңаруына және тұқымдардың таралуына үлес қосады. Ал екінші жағынан, жаңа түрдің көптеп пайда болуы экожүйедегі қалыптасқан қоректік байланыстарға әсер етуі мүмкін. Самыркештер ұсақ кеміргіштермен де қоректенеді, сондай-ақ қорек үшін басқа құстармен және тиіндермен бәсекелесуі ықтимал. Сондықтан кез келген жаңа түрдің белгілі бір аумақта көптеп пайда болуы биоценоздағы қоректік байланыстар мен түрлер арасындағы бәсекелестікке өзгеріс енгізуі мүмкін. Әзірге «Ертіс орманы» МОТР РММ мамандары бақылау жүргізуде. Мүмкін, көктемде самыркештер қайтадан солтүстік тайгаларға ұшып кетер. Ал кейбірі біздің өңірде қалып қоюы да мүмкін.
4 Қазан 2026
Бүгін — жануарлар әлемін қорғаудың маңыздылығын еске салатын ерекше күн.

Блог руководителя